Мақалада әр адамның өмір жолы әр түрлі болса да, негізгі хикаямыз бәрімізде бірдей екенін мазмұндаймын.

Адамды алға қарай итеретін басты конфликт

Әдебиетте новелла жеке жанр болып саналады. Адам өмірін бір универсалды новеллаға салуға болады. Новелла 3 этаптан немесе кезеңнен тұрады:

  1. Конфликттің пайда болуы;
  2. Кульминация;
  3. Конфликттің шешімі.

Біз қарапайым екі адамның арасындағы конфликт туралы айтпаймыз. Қандай да болса өнер туындысына қарасаңыз ортақ конфликт басты кейіпкерді алға қарай жетелейді. Әр адам өмірінде сондай конфликттердің саны өте көп. Ол ақша табу, жанұя құру және тағы басқа тұрмыстық үйреншікті проблемалар. Бірақ та бір конфликт ерекше орында. Ол Уақыт. Немесе Шектеулі өмір. Жалпы таймер бар, біз оны мойындаймыз және күмән келтірмейміз. Ол таймерде қанша уақыт көрсетілгені маңызды емес, бұл мақалада ол туралы айтылмайды.

Кейбір түндерде ұйықтай алмай жатқан кезде ол таймер бір ғана сұрақ қойғызады: "Не істеп жатсың? Босқа өмір сүріп жатқан жоқсың ба, бауырым?" Адамның істеген әр іс-әрекеті, жеткен жетістіктері, жинаған дүниелері осы конфликт арқылы болады. Бұл нәрсе бәрімізді бір орында отырғызбай алға қарай жүгіртеді.

Кульминация

Белгілі бір нүктеге жеткенде тоқтайсың. Артына қарап есептейсің, анализ жасайсың: не істедім мен, неге жеттім, дұрыс жасадым ба деп. Сонда да аз, көбірек істеу керек еді немесе басқаша істеу керек пе еді деген өкініштер пайда болады. Өзіңді достарыңмен және таныстарыңмен салыстырасың, олар көбірек және дұрысырақ істегендей болып көрінеді.

Психологияда ол процесті "Кризис среднего возраста" деп атайды. Біз бұл мақалада Кульминация дейміз, дәл осы кезеңде шиеленістің ең биік нүктесі болып саналады. Адам артына қарап қандай ақымақ болғанын түсінетін кезең. Және де осыдан кейін оның өмірге деген көзқарасы, бүкіл түсінігі трансформациядан өтеді.

Мен осы кезеңде болғандықтан мен не айтып тұрғанымды жақсы түсінем. Осыдан 10 жыл бұрын ересек адамдарға қарап түсінбейтін едім. Неге олар күреспейді, неге айналасын өзгертпей қанағаттанып өмір сүре береді деп. Қазір мен оларды түсініп келе жатқан сияқтымын. Осыдан 10 жыл бұрынғы мен бүкіл әлемге наразылықпен қарап өзгерте алам деп ойлайтынмын. Ал қазіргі мен бүкіл әлем түгіл өзімді өзгерту оңай емес екенін мойындаймын.

Жалпы айтқым келгені, Кульминация кезеңінде адам өзінің робот емес, жай ғана адам екеніне көзі жетеді. Ендігі қалғаны қолдан келгенше сынып қалмай өмір сүруді жалғастырып, приоритетті өзінен алып бала-шағаға, өзінің ұрпағына бұрады. Солардың бақытын көбірек ойлап, өзі жасаған қателіктерді соларға жасатқысы келмейді. Одан бөлек центрді өзінен алып тастап, өзінің үлкен бір системаның бөлшегі екенін біржолата қабылдайды.

Конфликттің шешімі

Бұл ең соңғы кезең. Бұл кезең туралы көп жазбаймын. Бір сөзбен айтқанда Адам өзінің Уақытқа қарсы күресінде жеңілгенін мойындауы. Ендігі қалғаны немерелердің, өзінің жанындағы жақын адамдардың бақытын, қызығын тамашалап, солардан келген жылу мен махаббатпен бөлену.

Өмір күрес деген танымал фраза бар ғой. Иә, мен келісемін. Біз әр күн сайын күресеміз. Таңертең тұрып өзіңді қинап жұмысқа бару да күрес. Өмір жолымызда 1000-даған рет жеңіп немесе жеңілеміз. Әр түрлі конфликттерден бір нәрсе үйреніп дамимыз, ақылдырақ боламыз. Бірақ уақытқа қарсы біз дәрменсізбіз.

Қорытынды

Мен осы мақалада арнайы өлім деген сөзді жазбадым. Осы уақытқа дейін Уақыт немесе Шектеулі өмір дегенді Өлім деп айтсам түсініктірек болар еді. Ешқандай адам, қанша жерден күшті, бай, ақылды, атақты болса да Өлімді жеңе алмайды. Сол үшін де тарихта қаншама тақта отырған патшалар да Өлім туралы ойланып бар жинағанын жалғастырушысына қалдыруды ойлаған.

Жалпы медиа контенттерге, киноларға қарасаң өлім дегенге негативті қарайтын сияқты. Ал мен өлімді ойласам қазіргі уақытты, қолдағы барымды бағалап, Жаратқанға мәңгі емес болса да қысқа өмір бергеніне жүрекпен рахмет айтам.

Мен не айтқым келді? Бұл мақалада жай ғана бәрімізді ортақ қылатын басы, ортасы және соңы бар Хикаятты баяндадым.