Алыстан Қаскелеңнен алып келу керек болып тұр әңгімені
Есте сақтау адам миының ең маңызды және ең құнды функциясы. Біз есімізде өзімізге қымбат дүниелерді, жақын адамдарымыз туралы ақпаратты және болған оқиғаларды сақтаймыз. Өмір тоқтамай ағып жатқан өзен, басы жок және аяғы жоқ жабық шеңбер секілді. Әр болып жатқан оқиғаның басқа себепші оқиғасы бар. Ал ол себепші оқиғаның өзінің себепші оқиғасы бар. Оны қазіргі Жасанды Интеллект (ЖИ) дамыған заманда «контекст терезесі» дей берсек те болады. Адам миының контекст терезесі шексіз үлкен емес.
Біз бала кезден бері өсеміз, дамимыз, өмірлік және кәсіби тәжірибе жинаймыз. Әр түрлі қиыншылықтармен күресеміз, проблемаларды шешеміз. Сол қиыншылықтар, проблемалар біздің контекст тереземізді өзгертіп, басы неден басталып еді, ұмыттырып жібереді. Бір қателік жасаймыз, ол қателіктің басты себебін ұмытып кетеміз де, ол қателікті тағы да жасап қоямыз. Аузы күйген үрлеп ішеді емес, аузымыз бірнеше рет күйгеннен кейін ғана үрлеп ішеміз.
Кейде өміріңде аузыңды кезекті рет күйдіретін оқиға болады. Ал оған себепші осыдан 5 жыл бұрынғы болған оқиға болуы мүмкін. Егер ол сенің есіңде бар болса жақсы ғой, дайын тұрасың немесе қайталатпауға тырысасың.
Бізде мектепте тарих пәнінің қаншалықты құнды екенін түсіндірмейді негізі. Тарих не үшін керек? Мемлекет, адамзат масштабында өткен ғасырларда жасаған қателіктерді жасамау. Әр адам Қазақстан немесе Дүние жүзі тарихын ғана емес, өзінің тарихын білуі керек. Сол үшін де «Күнделік жазу» мақаласын жасап едім. Күнделік жазу өзіңнің тарихыңды жазу болып саналады. Қаншалықты сапалы жасау өзіңе байланысты.
Осы жерге дейін шыдасаң, сен молодец!
Көзіңе елестетші. Сенде компьютерде бір папкада өзің жазған көптеген Күнделік жазбалары бар. Сен ол жерде ерекше болған оқиғаларды, эмоцияларды, істеген қателіктеріңді датасымен көрсетіп жазып тастағансың. Қолыңнан келгенше толығырақ қандай жұмыстар істеп жүрсің, қанша ақша тауып жатсың, бәрі бар. Әріптестерің немесе достарың сатқындық істегеніне дейін жазып қойғансың. Сол папканы Жасанды Интеллект оқи алады. Және де ең бастысы, сен қойған сұраққа ол сенің папкаңды ашып, соның ішін оқып барып жауап береді.
Obsidian және менің жеке тәжірибем
Мен 2022 жылдан бастап күнделік жазып жүрдім. Қағазға емес, Obsidian қосымшасына цифрлық түрде. Ол кезде ЖИ деген атымен болмаған, жай өмірімде болған нәрселердің бәрін ерінбей жаза бердім. Күніне 10 минуттан көп уақыт кетпеді негізі. Содан бері 5 жыл өтіп келеді, ал мен күнделік әлі жазып жүрмін. Осы уақытқа дейін 1000-даған жазба жасап тастаппын.
Осы жылы компьютерге ChatGPT қосымшасын орнаттым. Тексеріп көрейін дегем негізі. Сөйтсем қосымша ішінде «создать проект» деген функция бар екен. Сол арқылы компьютерде белгілі бір папканы ChatGPT-ге көрсетуге болады. Міне, дәл сол арқылы мен қандай сұрақ қойсам да, ChatGPT бірінші мен көрсеткен папканың ішіндегі жазбаларды оқып жауап береді.
Осыны оқып жатқан оқырман, сен де Obsidian + ChatGPT арқылы өзіңе персоналды ассистент немесе екінші ми жасап ала аласың. Интернетте осы бойынша кеңестер өте көп, керек болса оңай тауып аласың.
Мақалада айтылған нәрселердің бәрі заманның қай бағытта дамитынын көрсетеді. Apple, Google, OpenAI сияқты үлкен компаниялардың бәрі осы бағытта өздерінің варианттарын жасап шығарады. Болашақта бәріміздің виртуалды клондарымыз болады, олар біздің орнымызға телефонға жауап береді, тапсырыстар жасайды. Бізден шешім қабылдау ғана қалады. Өзіңді соған дайындай бер. Қазірден бастап Күнделік жазуды баста. Істеген қателіктерді міндетті түрде «фиксировать» етіп қой.
Тағы бір мысал
Осыдан көп жыл бұрын бізге офиске жаңа жұмысшы келген. Бірінші күннен бастап-ақ өзін жақсы көрсетті, бәрімен достасып, сөйлесіп, бір сөзбен айтқанда «душа компании» болды. Біз екеуміз жақсы тіл табысып кеттік. Бір күні менің ноутбугім оның сөмкесінде қалып қойыпты. Үйге келсем смартфонымда көптеген «уведомление» келіп тұр: «кто-то пытается получить доступ» деген. Менің ноутбугімді ашып, браузерді ақтарып, маңызды сайттарға кіргісі келген.
Сонымен 2-3 жыл өтеді. Жаңағы адаммен бір проектіні бірге жасап жүрміз жұмыста. Жоғарыда айтылған затты мен ұмытып та кеттім, екеуміз жақсы дос болып кетіппіз. Бір күні проектте проблема шығып, жаңағы кісі мені бастыққа кінәлі қылды. Негізі кінә екеумізде де болды, бірақ бүкіл соққыны мен жедім.
Кейінірек өзімнің күнделік жазбаларымды қарап отырып, «менің ноутбугім қалып қойған» ескі жазбаны көріп бәрін түсіндім ғой. 2-3 жыл бұрын ол өзі «белгі» берген екен ғой. Есіңде болсын, қазіргі араласып жүрген адамдарың басында-ақ белгі береді. Соны оқып үйрену керек екен.
Қорытынды
Екінші ми тақырыбы қазір мен үшін бірінші орында тұр және осы тақырып болашақта хайп болатынына сенімдімін. Ақпараттық шу дәуірінде бізге өзіміз туралы пайдалы ақпаратты сақтап, қолданып үйрену керек. Және де ЖИ-дің беретін үлесі осы жағынан мол деп санаймын. Негізі айтылатын нәрсе өте көп, бір кітап жазуға да болады осы туралы. Бірақ мен дәл сен білуің керек нәрселерді баяндап бердім.
Егер қысқаша тред болатын болса: Сетап Obsidian + ChatGPT керемет дей салар ем.
Пікірлер 0